24 янв 2022
Новости

Қыз өссе елдің көркі

Отбасында қыз балаға деген құрмет ежелден ерекше болған. «Қыз өссе - елдің көркі» деген халқымыз қыздарын бақыт құсына балап, әлпештеп, аялап өсірген. Қыз баланы үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білуге, үй күту, қонақ күту рәсімдерін игеруге, отбасының берекесі болуға дағдыландырған. «Қыз бала - қонақ, қонақты сыйлар болар», «Есік жақта отырған қыздың төркіні кедей болар» деп ырымдап, ұл балаларды жастайынан әйел затын құрмет тұтуға баулыған. Қай заманда да болсын, жанұя бақыты - әйел адамға байланысты. Қыз бала жасөспірім шағында, яғни он төрт-он беске келгенде бойын түзеп, таза, сәнді киініп, есейгенін сезініп, әдемі көрінуге тырыса бастайды. Бұл - табиғи заңды құбылыс. Осы кезеңдерде олардың жақсы мен жаманды, сыпайыгершілік пен тұрпайылықты еркін аңғаруға талғамы жете бермейді. Тез еліктегіш келеді. Сондықтан ала-құла киімдер киіп, боянып, «бойы бұлғаң, сөзі жылмаң» жастарға еліктеуі мүмкін. Қыз баланы әр нәрсеге еліктеп, әсіреқызыл болудан сақтандыру, оның ақыл-ойының аумалы-төкпелі кезеңінде анасы дұрыс жол көрсетіп, ақ-қараны ажыратуына көмектесуі тиіс. Қыз баланың күтімі де жіті қадағалануы керек. Мұның бәрі тазалықтан, яғни өзінің киімін кіршіксіз, ұқыпты киюден басталады. Екінші, шаш күтімі, бет күтімі, тіс күтімі сияқты ажарлы болып өсуіне қажетті жағдайларды білгені жөн. Бүгінгі қыз - ертеңгі ана. Ана - барлық өмірдің бастауы. Ол адамды өмірге әкеледі. Ол адамды адам етіп тәрбиелейді. Сондықтан ертеңгі ана, бүгінгі қыздарымызды тәрбиелеу ананың және барша қауымның ең негізгі міндеті. Осы орайда мектебімізде «Сырғалым» қыздар клубының жетекшісі Б.Айткалиеваның ұйымдастыруымен «Қыз өссе елдің көркі» тақырыбында қыздар жиналысы өткізілді. Жиналыс барысында мектеп директоры Г.Дуйсенова мен клуб жетекшісі Б.Айткалиева қыз балаларға ата-бабаларымыздан келе жатқан тиым сөздер, ырымдар туралы, қыздың көпшілік ортада өзін ұстауы, мәдениеттілік туралы және тағы да басқа маңызды сұрақтар туралы кеңінен сөз алды. Сонымен қатар мектеп медбикесі С.Урналиева қыздардың жеке бас гигиенасы туралы айтып, қыздарға арналған кеңестерін айтты. Жиналыс арнайы құрылған кестеге сай және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып оздырылды.