03 апр 2021
Новости

Наурыз мейрамына арналған іс-шаралар өткізілді

Мектебімiзде ағымдағы оқу жылында барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, Наурыз мейрамына арналған іс-шаралар өткізілді. Мақсаты: оқушыларға мейрамның қалай шыққанымен және қазақ халқының салт-дәстүрлері мен Наурыздың рәміздерімен таныстыру болды.

Қазақ бұрынғы көне заманда 21-наурыз күні түнде үйінің төріне қос шырақ жағып қояды екен. Онысы үйдегі ерлі-зайыпты екі адамның өмірі сол қос шырақтай жарық болсын, бақыты баянды болсын, бағы өрлесін, дәулеті артсын, ғұмыр жастары ұзақ болсын, өмірінде қиындық көрмесін, көңілдері сол шамдай маздап жанып тұрсын деген ізгі тілектің бейне белгісін білдіреді. Қазақтың ежелгі ұғымында 21-наурыз күні жер иесі Қызыр ата даланы аралайды екен. Таң бозарып келе жатқанда, мейірі түскен бір үйге келіп қонады. Қызыр қонған үйге құт береке дариды, деулеті шалқиды. Қызыр баба аралаған ауылға «бақ оралады», «ырыздығы молаяды» деп сенеді. Бұл түні ауылдағы көңілі жақын ағайын адамдар топтасып алып, Қызыр қонады-ау, деген бір үйге жиналады. Олар әуелі босағадан оң аяқтарымен аттайды. «Босаға құтты, ірге мықты болсын, таңмен таласып үйіңе Қыдыр қонсын» -деп жақсы тілек айтады. Сол үйге арнап алып келген сыйлықтарын үй иесіне ұсынады. Қазақ мереке түні үйіне шақырылмай келген құдайы қонаққа ерекше қуанады. Себебі, қазақта мынадай бір ұғым бар. «Үйге қонақ келуден бұрын оның дәмі өзінен бұрын кіреді, қонағы көп үй «берекелі болады», қонақпен ілесіп үйге құт қонады, бірі Қыдыр, осы келген қонақтың бірі Қыдыр болуы мүмкін» — деп сенеді.