28 Қаң 2022
Іс-шаралар

Ата-бабамыз ұл баланы ертеңгі абыройлы әке, қадірлі отағасы, елді қорғайтын ер, батыр, би, ақын, ұлттың намысты азаматы ретінде әділдікке, қайсарлыққа, кешірімді болуына, өнерге, білімге, салт-дәстүрімізді сақтауға тәрбиелеген

Ата-бабамыз ұл баланы ертеңгі абыройлы әке, қадірлі отағасы, елді қорғайтын ер, батыр, би, ақын, ұлттың намысты азаматы ретінде әділдікке, қайсарлыққа, кешірімді болуына, өнерге, білімге, салт-дәстүрімізді сақтауға тәрбиелеген. Ұл бала - қазақта шаңырақ иесі, ер-азамат - ата-ананың отын тұтатушы болып саналады.  Қазақ отбасының ерекшелігі жасы кішісінің үлкеніне «сен» деп сөйлемеуі, алдын кесіп өтпеуі, үлкен тұрып кішінің, әке тұрып ұлдың, шеше тұрып қыздың орынсыз сөйлемеуінде. Қазақ отбасындағы үлкенді құрметтеу әдеті жауапкершілік, адамгершілік сезімдерін туғызған. Дұрыс бағытқа бағдарлау көп жағдайда абыройлы әкеге, үлгілі отағасына, қадірлі ағаларына байланысты. Халқымыз ұл бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Қай халықта болмасын, ұл бала тәрбиесі – әке меншігінде. «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дей отырып, қазақ отбасында әкелер өзінің білетін бар өнерін алдарына үйретіп, оларды мерген, аңшы, яғни «сегіз қырлы, бір сырлы» жігіт етіп тәрбиелеген. Бала ес білгеннен бастап, оның құлағына «сен ертеңгі шаңырақ иесісің, болашақ әкесің, арқа сүйер жарсың, отбасының асыраушысысың, сондықтан да жаманнан жирен, жақсыдан үйрен» деген сөздерді құйып отырған.

Ата-анасын аялай, құрметтей білген баладан жақсы азамат шығады. «Әкесін аман сақтап қалу үшін жанын қиған ұлдың өлімі – ең бақытты өлім болып табылады» – деген Баласағұнидың ұстазнамалық тұжырымдамасында осындай керемет  ойлар жатыр. Шығыстың басқа ұлт өкілдерінің отбасындағы сияқты қазақта дүниеге ұл келсе, тұқымымыздың жалғасы, шаңырақ иесі туды деп ұлан-асыр, ат шаптырып той жасау күні бүгінге дейін сақталған. Осы аталған қадір-қасиеттерді бүгінгі ұландар бойына бойына дарыта білсек, онда зерделі де зейінді, өнерлі де талантты, жігерлі де қайратты, адал да парасатты елі-халқы сыйлайтын ер жігіттің келешегі жарқын, жолы ашық. Осы орайда мектебімізде «Азамат» ұлдар клубының жоспарына сай клуб жетешісі Р.Сагинбаевтың ұйымдастыруымен «Денсаулықтың достары мен қастары» тақырыбында ұлдар жиналысы оздырылды. Жиналыс барысында Р.Сагинбаев денсаулық туралы кеңінен сөз алса, директордың ОІЖО Т.Ажгалиев пен ТІЖО Н.Ержакаева мектеп жарғысы, мектепішілік тәртіп және тағы да басқа сұрақтар бойынша айтып өтті.